Конституциялық сот: мәртебесі мен өкілеттіктерін нығайту

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына қатысты ережелер жүйелі түрде қайта қаралып, оның конституциялық бақылау жүйесіндегі рөлі айқындалды. Жаңартылған нормалар Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және құқықтық мемлекеттің институционалдық негіздерін күшейтуге бағытталған.

Конституциялық соттың мәртебесі

Конституциялық сот конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде конституциялық деңгейде бекітілді.

Оның мәртебесін нығайту және конституциялық бақылау органының негізгі функцияларын толыққанды іске асыру мақсатында Конституциялық сотқа қатысты негізгі ережелерді тікелей Конституцияда бекіту көзделді. Бұл соттың тәуелсіздігін, тұрақтылығын және шешімдерінің жоғары құқықтық салмағын қамтамасыз етеді.

Конституциялық сот төрағасының мәртебесі

Конституциялық соттың төрағасы бүкіл өкілеттік мерзімі ішінде Конституциялық соттың судьясы болып табылатыны айқындалды. Сонымен қатар, бір тұлғаның Конституциялық соттың төрағасы қызметін бір реттен артық атқара алмайтыны белгіленді.

Бұл норма басшылықтың тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, биліктің шоғырлануына жол бермеуге және институционалдық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Судьяларды тағайындау тәртібі

Президент туралы конституциялық ережелерді тұжырымдамалық қайта қарау және «Құрылтай» бөлімі енгізілуі шеңберінде Президент пен заң шығарушы орган арасындағы өкілеттіктерді бөлу тетігі нақтыланды.

Нәтижесінде Конституциялық соттың судьяларын Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен, оның депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен тағайындайтыны белгіленді. Бұл шешім судьяларды тағайындау рәсіміне қосымша институционалдық тепе-теңдік пен ашықтық элементтерін енгізеді.

Конституциялық соттың өкілеттіктерін кеңейту

Конституциялық сотқа бірқатар маңызды өкілеттіктер берілді. Атап айтқанда, Конституциялық сот:

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ерікті түрде отставкаға кету туралы өтініші бойынша;

  • адамның Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаудан бас тартуы туралы өтініші бойынша

қорытынды береді.

Сонымен қатар, Конституциялық сот халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерінің Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін тексеру құзыретіне ие болады. Бұл ұлттық құқықтық тәртіп пен халықаралық міндеттемелер арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Конституциялық сот шешімдерінің құқықтық салдары

Конституциялық сот қабылдайтын шешімдердің құқықтық салдары Конституцияда нақты белгіленді.

Конституциялық сот Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, соның ішінде олардың жекелеген ережелері, орындалуға жатпайды.

Сонымен бірге, Конституциялық соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ олардың жекелеген ережелері сол түсіндірмеде айқындалған мағынада қолданылуға тиіс. Бұл құқық қолдану практикасының бірізділігін және конституциялық нормалардың үстемдігін қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1152189?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді