
Қазіргі заманда инфекциялық емес аурулар (бұдан әрі – ИЕА) – жүрек-қантамыр аурулары, қатерлі ісік, қант диабеті және созылмалы респираторлық аурулар – халық өлімі мен денсаулық жоғалтудың негізгі себептерінің біріне айналып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі – ДДҰ) деректеріне сәйкес, ИЕА жыл сайын шамамен 41 миллион адамның өмірін қияды, бұл әлемдегі барлық өлім-жітімнің 70 %-дан астамын құрайды. Сонымен қатар, темекі шегу, дұрыс емес тамақтану, физикалық белсенділіктің төмендігі және алкогольді тұтыну сияқты қауіп факторларымен жүйелі түрде жұмыс жүргізу арқылы мерзімінен бұрын болатын өлімнің 80 %-ға жуығын алдын алуға болады.
Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық базасы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуде және ИЕА-ның алдын алуда маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ұлттық заңнамада эпидемиология ұғымы тек жұқпалы емес, сондай-ақ инфекциялық емес ауруларды да қамтиды, бұл сырқаттанушылықты мониторингілеу, қауіп-қатерлерді бағалау және оларды төмендету шараларын әзірлеу үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңында инфекциялық емес аурулардың профилактикасы бойынша кешенді шаралар тікелей көзделген. Олардың қатарында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ созылмалы ауруларды басқару жөніндегі тиісті бағдарламаларды қалыптастыру бар.
Халықаралық тәжірибе ИЕА-мен күрес көпсалалы және кешенді тәсілді талап ететінін көрсетеді. 2013 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 2013-2020 жылдарға арналған инфекциялық емес аурулардың профилактикасы мен оларды бақылау жөніндегі жаһандық іс-қимыл жоспарын қабылдады, кейін ол 2030 жылға дейін ұзартылды. Аталған жоспар 2025 жылға қарай ИЕА-дан болатын өлім-жітімді 25 %-ға төмендетуге бағытталған және тоғыз жаһандық мақсат пен 25 индикаторды қамтиды.
ДДҰ-ның әдістемелік ұсынымдары негізгі қауіп факторларын азайтуға бағытталған экономикалық тұрғыдан тиімді және дәлелденген шаралар кешенін ұсынады, атап айтқанда:
– алғашқы медициналық-санитариялық көмекті және қолжетімді скринингтерді нығайту;
– салауатты өмір салтын насихаттауға арналған мемлекеттік ақпараттық-білім беру науқандарын жүргізу;
– ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту және қоғамды қоршаған орта мен мінез-құлық факторларын бақылауға тарту;
– азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылауды күшейту және қауіп факторларын шектеу.
Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы – бұл тек медицина саласының міндеті ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі. Дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік, зиянды әдеттерден бас тарту және профилактикалық скринингтерге қатысу ұзақ әрі сапалы өмір сүру мүмкіндігін едәуір арттырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1152528?lang=kk

Жауап қалдыру