
Республикалық маңызы бар тас жолдарда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері заманауи бақылау тәсілдерін қолдануда. Дрондар арқылы тас жол бойындағы жол қозғалысының жалпы ахуалы әуеден бақыланып, көлік ағыны мен қауіпті учаскелерге талдау жүргізіледі. Бүгінде бұл тәсіл жолдағы жағдайды жедел әрі жан-жақты бағалауға мүмкіндік беруде.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері дрон көмегімен жылдамдық режимінің сақталуын, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневрлер жасау, жол белгілері талаптарының бұзылуы сияқты құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтайды. Атап айтқанда, 2025 жылы республикалық тас жолдарда дрон арқылы 634 құқық бұзушылық анықталса, биылғы жылдың басынан бері 10-ға жуық дерек тіркелген. Әуеден алынған бейнематериалдар жедел түрде патрульдік экипаждарға жолданып, тиісті шаралар қабылдануда.
– Дрондар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдын алу құралы ретінде қолданылады. Олар республикалық тас жолдардағы жағдайды кең ауқымда бақылап, көлік ағынын, қауіпті учаскелер мен ықтимал құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – жол ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, апаттарды болдырмау және жүргізушілер үшін қауіпсіз қозғалыс ортасын қалыптастыру, – деді Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының штаб аға инспекторы Мейрамбек Асылбеков.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1152468?lang=kk

Жауап қалдыру