Бірлескен жұмыс: мәдениет пен жауапкершілік мектебі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

М. Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінде 10-сынып оқушыларының қатысуымен «Бірлескен жұмыс – табыстың кепілі» тақырыбында мазмұнды сынып сағаты өтті. Іс-шараны сынып жетекшісі Оңласын Қаракөз Ақботақызы ұйымдастырып, оқушыларға ұжымда жұмыс істеудің маңызы мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тың ақпараттар ұсынды.

Сынып сағатының басты мақсаты – білім алушыларға бірлесіп әрекет етудің артықшылықтарын түсіндіру, ортақ ортада сыйластық пен мәдени қарым-қатынас қалыптастыру, өзара қолдау көрсету арқылы нәтижеге жету жолдарын үйрету болды. Сабақ барысында адамгершілік құндылықтар, ар-ождан бостандығы, адалдық пен мейірімділік секілді қасиеттердің командалық жұмыстағы орны кеңінен талқыланып, «бірлік бар жерде – береке бар» деген ұстанымның өмірлік мәні ашылды.

Сонымен қатар қауіпсіздік сабағы аясында қиын жағдайларда өзіне және өзгеге қолдау көрсету дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелері түсіндіріліп, әсіресе сыну мен қан кету кезінде дұрыс әрекет ету жолдары бойынша нақты мәліметтер берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар оқушылардың өмірлік маңызы бар дағдыларын нығайтуға ықпал етті.

Сынып сағаты барысында түсіндіру, әңгімелесу, топтық жұмыс, сұрақ-жауап, жағдаяттық тапсырмалар орындау, мақал-мәтелдермен жұмыс жасау, пікір алмасу және презентация арқылы баяндау сияқты түрлі әдіс-тәсілдер қолданылды. Осындай интерактивті форматтың нәтижесінде оқушылар бірлескен жұмыстың міндеттері мен артықшылықтарын тереңірек түсініп, қиын сәттерде адамдарға қолдау көрсету жолдарын меңгерді. Сонымен бірге олардың жауапкершілік сезімі артып, командалық рухы нығая түсті.

Қорытындылай келе, бірлескен жұмыс – ортақ мақсатқа жетудің ең сенімді әрі тиімді жолдарының бірі. Ол идея алмасуға, тәжірибе бөлісуге және әр адамның мүмкіндігін барынша пайдалануға жол ашады. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жас ұрпақтың тұлғалық дамуына оң әсерін тигізіп, болашаққа сеніммен қадам басуына мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1152995?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді