Ережелер бұзылып пайдаланылатын пештер қайғылы салдарға әкеледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы басталғалы бері пештерді дұрыс пайдаланбау салдарынан көмірқышқыл газымен уланудың 14 дерегі тіркеліп, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Негізгі себептер қатарында пештердің күйіп кетуі, жарықтардың пайда болуы, түтін мұржаларының уақытылы тазаланбауы, ысырмалардың жабық болуы және тартудың болмауы бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, көмірқышқыл газынан зардап шеккендер саны 12 адамды құраған.
 
Алдын алу рейдтері барысында Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері тұрғындарға жазатайым оқиғалар мен өрттердің алдын алу бойынша ұсынымдар береді. Көбінесе азаматтар пештердегі жарықтарды уақытылы сыламайды, жанғыш материалдарды пештің маңында сақтайды, пеш алдына арналған металл табақшаны орнатпайды, түтін мұржаларын сирек тазалайды және қауіпті ысырмаларды жабады. Барлығы ТЖ қызметінің қызметкерлері шамамен 82 000 тұрғын үйді аралап, пештерді пайдалану кезінде орын алған 10 432 бұзушылықты анықтады.
 
Пештерді қаншалықты жиі тазалау қажет?
Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес: «Түтін мұржалары мен пештерді күйеден тазалау жылыту маусымы басталар алдында, сондай-ақ жылыту маусымы бойы кемінде үш айда бір рет жүргізілуі тиіс», – деп атап өтті ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
 
Пешпен жылытылатын үйлерде көмірқышқыл газын ерте анықтау мақсатында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың, сондай-ақ аулалық аралау барысында анықталған көпбалалы отбасылардың үйлеріне газ анықтағыш датчиктер орнатылады. Қазіргі уақытта осындай 496 сигнализатор орнатылды. Ағымдағы жылыту маусымында бұл датчиктерді аумақтық жергілікті атқарушы органдар сатып алды.
 
Жергілікті атқарушы органдар мен ШҚО ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар тұратын 21 үйде пеш жабдықтарына косметикалық жөндеу жүргізілді: жарықтар мен саңылаулар сыланып, қабырғалар әктелді, 27 үйде түтін мұржалары тазаланды. Күршім ауданында көпбалалы отбасына жаңа жылыту пеші орнатылды. Глубокое ауданында ескі үйлерде электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
 
ШҚО ТЖД пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде төмендегілерге тыйым салынатынын ескертеді:
1.жанған пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оны бақылауды балаларға тапсыруға;
2.жағуға дайындалған отынды және басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пеш алдындағы металл табақшаға орналастыруға;
3.қатты отынмен жұмыс істейтін пештерді тұтатуға тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға;
4.көмірмен, кокспен және газбен осы отын түрлеріне арналмаған пештерді жағуға;
5.пешті шамадан тыс қыздыруға;
6.жанғыш заттар мен материалдарды (аяқ киім, киім-кешек, отын) пеш пен түтін мұржасының бетінен 0,5 метрден кем қашықтықта кептіруге;
7.жобалау нормаларында көзделген тесіктері жоқ ысырмаларды (жапқыштарды) пайдалануға;
8.желдету және газ арналарының түтін мұржасы ретінде пайдалануға;
9.ақауы бар, жарықтары мен саңылаулары бар пештерді пайдалануға.
 
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1152913?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді