
12 қаңтарда Айыртау ауданы әкімдігінде аудан әкімі М.Ж.Меңдібаевтің, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңның нормалары түсіндірілді.
Аталған Заң 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданды. Ол осыған дейін қолданыста болған бірқатар заңдардың нормаларын біріктіріп, олардың орнын басты. Атап айтқанда: 2010 жылғы 29 сәуірдегі «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қадағалаусыздығы мен панасыздығын болдырмау туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» заңдардың ережелері.
Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы М.Е.Сарманов жаңа заңда көзделген негізгі жаңашылдықтар мен енгізілетін шараларға тоқталды. Олардың қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алудың біртұтас әрі үйлестірілген тетігін қалыптастыру, профилактикалық жұмыстарға тек мемлекеттік органдар мен полицияны ғана емес, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарын, бизнес-құрылымдарды тарту қарастырылған. Сондай-ақ профилактиканың әртүрлі деңгейлері айқындалып, азаматтар мен қоғамдық көмекшілердің қатысуы, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту көзделген.
Сонымен қатар, білім беру органдары мен отбасын қолдау орталықтарының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жауапкершілігі күшейтіледі. Заң мемлекеттік құрылымдарды құқық бұзушылықтар жасалғаннан кейін ғана әрекет етуге емес, алдын алу бағытында белсенді, проактивті жұмыс жүргізуге міндеттейді.
Жаңа заң аясында азаматтарға құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерікті түрде қатысуға, қоғамдық тәртіптің сақталуын талап етуге және құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға нақты құқықтар беріледі. Құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны және олардың ашылуына жәрдемдескені үшін азаматтарды ынталандыру, тіпті ақшалай сыйақы беру тетіктері де қарастырылған. Мұндай тәсіл қоғамда құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы белсенділігін арттыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-airtau/press/news/details/1152673?lang=kk

Жауап қалдыру