Қаза болған орманшылардың рухына тағзым: Мойынқұмда ас берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Осы аптада аудан орталығындағы «Айсымбат» мейрамханасында Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің ұжымы 2023 жылдың маусым айында Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман саласы қызметкерлерінің рухына арнап ас берді.

Тағзым ету шарасына аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, ауданның еңбек ардагерлері Бекмұрат Жамбылов, Сәбит Оразымбетов, Мұратхан Естаев, сондай-ақ «Ұланбел», «Көктерек», «Бурыл-Байтал» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің директорлары, орман шаруашылығы саласының ардагерлері Бодаубек Жүндібаев, Есмағамбет Тілеужанов, Асқар Оңғарбаев, Көшкімбай Әбдірахманов және мекеме ұжымы қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген сала ардагерлері мен қоғам өкілдері бұл шараның маңыздылығына тоқталып, әріптестерін еске алу – адамгершіліктің, азаматтық жауапкершіліктің және кәсіби бірліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар орманшылардың ел мен табиғат алдындағы ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс екенін айтып, олардың еңбегі келер ұрпаққа үлгі болатынын жеткізді.

Өз кезегінде Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Бауыржан Шайшаев жиналған қонақтарға ризашылығын білдіріп, мұндай тағылымды шаралардың ұжымдық рухты нығайтып, кәсіби сабақтастықты сақтаудағы маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар игі бастаманың жүзеге асуына ұйытқы болған орман өрт сөндіру станциясының бастығы Сағындықов Болат Зауытбайұлы мен орманды қорғау инженері Мұхатаев Қайрат Жүнісбекұлына арнайы алғысын жеткізді.

Шара дәстүрге сай қасиетті Құран бағыштаумен басталып, қаза тапқан азаматтардың рухына дұға оқумен аяқталды.

Аталған алапат өрт салдарынан қаза болған орман саласының ержүрек қызметкерлерінің есімдерін ерекше құрметпен еске саламыз:

  • Жиенбаева Мейрамгүл Құсайынқызы – «Семей орманы» РММ Новошульба филиалы Успен орманшылығының орман шаруашылығы басшысы (20.12.1989 ж.т.)

  • Тоқтасын Серікжан Бақытбекұлы – Новошульба филиалының орманды қорғау және қорғау инженері (17.03.1996 ж.т.)

  • Дүйсембаев Амангелді Спатайұлы – Новошульба филиалының басқарушысы (11.12.1964 ж.т.)

  • Губаев Алексей Григорьевич – Успен орманшылығының қызметкері

Олардың табиғатты қорғау жолындағы жанқиярлық еңбегі мен ерлігі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1153029?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді