2025 жыл қорытындыланды: аудан, мәслихат және қоғамдық кеңес есеп берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мойынқұм ауданында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, аудан тұрғындары алдында есеп беру кездесуі өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, іске асырылған жобалар, алдағы жоспарлар, сондай-ақ өкілді және қоғамдық органдардың қызмет нәтижелері кеңінен талқыланды.

Алдымен Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев 2025 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша баяндама жасады. Өз сөзінде аудан басшысы инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік сала және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған басым міндеттер мен даму бағыттары да атап өтілді.

Аудан әкімі мұндай есеп беру кездесулерінің халықпен ашық әрі сындарлы диалог орнатудағы маңызын атап өтіп, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері жергілікті атқарушы орган жұмысының тиімділігін арттыруға негіз болатынын жеткізді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Ұзақұлы Саурықов 2025 жылғы депутаттық корпус қызметінің қорытындысын ұсынды. Ол мәслихаттың негізгі міндеті — жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау, шешім қабылдау барысында ашықтықты қамтамасыз ету және тұрғындардың өтініш-тілектерін назарда ұстау екенін атап өтті.

Есеп беру барысында мәслихат тарапынан қаралған әлеуметтік жобалар, бюджеттік бағдарламалар, депутаттық сауалдар мен тұрғындар көтерген мәселелер бойынша қабылданған шешімдер туралы ақпарат берілді.

Күн тәртібіндегі үшінші сұрақ аясында Қоғамдық кеңес төрагасы Сағынғали Жұмабайұлы Аманов баяндама жасап, кеңес тарапынан жүзеге асырылған қоғамдық бақылау шаралары, қоғамдық тыңдаулар мен мониторинг жұмыстары жөнінде мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңестің басты мақсаты — азаматтық қоғам институттарын дамыту, тұрғындардың пікірін ескеру және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру.

Жиынды қорытындылай келе, қатысушылар мұндай кездесулердің формальді сипатта емес, нақты нәтижелерді талдап, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды алаң екенін атап өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды, сондай-ақ ұсыныстарын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1153749?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді