Астанада Конституциялық реформалардың маңызы түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласының Жастар сарайында мәдениет саласының қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті. Кездесуге саяси ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқару және қоғамдық қатынастар орталығының басшысы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық құрылтайының мүшесі Зұлфухар Ғайыпов қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында Зұлфухар Ғайыпов жаңа Конституция жобасының дайындалу барысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, ашық қоғамдық талқылау және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау нәтижесінде әзірленген.

«Соңғы жылдары елімізде «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру мақсатында саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп келеді. Бұл өзгерістердің басты өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей әрі мазмұнды түрде қатысуын қамтамасыз ету», – деді ол.

Спикер Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, елдегі саяси басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Дәл осы ұстаным Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерге де қатысты. Қазіргі таңда жаңа Ата Заң жобасы халықпен ақылдасу, кеңінен талқылау арқылы жетілдірілуде, – деді Зұлфухар Ғайыпов.

Кездесу барысында ол қолданыстағы Конституцияның кейбір баптарын оқып, оларды жаңа жобаға енгізілген өзгерістермен салыстыра отырып түсіндірді.

Осылайша, жаңа Ата Заңның жобасы қоғам өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланып, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың мемлекет басқару ісіне белсенді араласуына жол ашатын маңызды құжат ретінде ұсынылып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1153988?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді