
БИЫЛ ҚАЛАДАҒЫ БІРҚАТАР АУЛАҒА ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНАДЫ
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті бөлімнің есебі тыңдалды. Жиын барысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшы міндетін атқарушы Азамат Маден бөлімнің 2025 жылы атқарған жұмыстары мен 2026 жылға арналған жоспарларын баяндады.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2026 жылы жергілікті бюджет есебінен қала аумағындағы бірқатар аулаларға заманауи ойын алаңшаларын орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала аумағындағы 33 ауланы кешенді абаттандыру және ойын алаңшаларымен қамту мақсатында жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленген. Аталған жоба аясында облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаржы қарастырылған.
Жобаға сәйкес аулаларға асфальт жол төсеу, балаларға арналған ойын элементтерін орнату, сондай-ақ тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау үшін орындықтар қою көзделген. Бұдан бөлек, биыл Яссауи аллеясын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Қала аумағында ирригациялық жүйелерді дамыту мақсатында 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, 18 нүктеде арық жүйелерін орнату жұмыстары жүзеге асырылды.
Бүгінде Кентау қаласы тұрғындарының 78,1 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалаға қарасты ауылдар орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Осыған байланысты қала тұрғындарын толық қамту және кәріз су сорғы станциясын салу мақсатында «Кентау қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы» бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Қаланы электр қуатымен қамтып отырған екі 220 кВ-тық қосалқы станция бар. Олар — «KEGOC» АҚ теңгеріміндегі «Кентау» және «Мырғалымсай» қосалқы станциялары. Атап айтқанда, «Мырғалымсай» қосалқы станциясының тозу деңгейі 90 пайызды, ал «Кентау» қосалқы станциясының тозу деңгейі 68 пайызды құрайды.
1961 жылы салынған «Мырғалымсай» 220/110/10/6 кВ қосалқы станциясына және қала ішіндегі электр желілеріне 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Аталған жұмыстар шеңберінде 6 дана КТП 6–10/0,4 кВ трансформаторын қайта құру жоспарланған.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында 2015–2025 жылдар аралығында Кентау қаласында 1205 кезекте тұрған азаматқа мемлекет тарапынан пәтер берілген. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған 5280 азаматтың тізімі 2025 жылғы 25 мамырда «Отбасы банк» АҚ-на өткізілді.
Жиын қорытындысында қала әкімі Жандос Тасов көтерілген мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, тиісті сала басшыларына алдағы жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1153489?lang=kk

Жауап қалдыру