
Түркістан облысы әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және түсіндіруге арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Іс-шараға аудан және қала әкімдері, басқармалар мен аумақтық органдардың басшылары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен жастар өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды. Жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нәтижесі екені және оның құқықтық мемлекетті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталғаны атап өтілді.
Түркістан облысы Әділет департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Хусанұлы Ербекешов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасындағы негізгі жаңашылдықтар туралы баяндады. Оның айтуынша, жаңа Ата заңда халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу рөлі күшейтіліп, адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығы нақты бекітіледі. Сонымен қатар, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау конституциялық деңгейде айқындалып, цифрлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау алғаш рет нақты көрсетіледі.
Атап өтілгендей, Конституция жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Онда қоғам мен мемлекеттің барлық негізгі салаларын қамтитын нормалар көрініс тапқан. Жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп, «мемлекет адам үшін қызмет етуі тиіс» қағидатына негізделген. Ұсынылып отырған өзгерістер әділетті, ашық және құқықтық мемлекет құруға бағытталған.
Түркістан облысы Әділет департаменті алдағы уақытта да Конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-trk/press/news/details/1153716?lang=kk

Жауап қалдыру