Түркістан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған мәжіліс өтті.
Маңызды жиынға Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы, прокуратура, аудандық полиция бөлімі, қала, ауыл әкімдері, бөлім мен мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар мен партиялар, жастар өкілдері бейне байланыс арқылы қатысты.
Өңір активі бас қосқан мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанына, оның мемлекетті дамытудағы маңызына тоқталды.
Нұралхан Көшеров әділеттілік пен заң үстемдігі – Конституцияның өзегіне айналғанын, сонымен қатар, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты мазмұнмен толықтырылғанын атап өтті. Басқару жүйесінің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Вице-президент институты енгізіліп отыр. Бұл ел басқарудағы жауапкершілік пен ашықтықты күшейтуге мүмкіндік береді — деді.
Жиында Конституциялық комиссияның мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ел болашағы үшін жасалып отырған бұл ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін беретінін жеткізді.
Түркістан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Ербекешов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасындағы негізгі өзгерістер туралы айтып, басты құжатта халықтың рөлі айрықша күшейтілгенін мәлімдеді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Конституцияның жаңа жобасында Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғау басты орынға қойылған баяндады.
Түркістан облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та Конституция жобасына қатысты ұсынысын жеткізіп, бастаманы қолдайтынын білдірді.
Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров жаңа Конституция жобасы бойынша шешім республикалық референдумда қабылданатынын, Конституциялық реформа еліміздің саяси-құқықтық және қоғамдық дамуына оң серпін беретінін жеткізді.
Жауап қалдыру