AMANAT ПАРТИЯСЫ ШАРДАРА АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі, аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері және AMANAT партиясының мүшелері қатысқан кездесу өтті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жүргізді.
Жиында AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Жантөреева Қалима Жантөреқызы AMANAT партиясының Шардара аудандық филиалының төрағасы болып тағайындалған Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлын таныстырды.
Бауыржан Қуанышбайұлы 1965 жылғы 7 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1987 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын құрылыс саласында бастап, кейін кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Жастар ісі, туризм, спорт және ішкі саясат бағыттарында басшылық қызметтерде болып, Шардара ауданының дамуына елеулі үлес қосты. Әр жылдары Шардара ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, сондай-ақ Түркістан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Соңғы уақытта Шардара ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымында еңбек етті.
Қалима Жантөреқызы Бауыржан Қуанышбайұлының мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті жаңа қызметінде де ел игілігіне бағытталатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы өзгерістерге тоқталып, бұл реформалардың ел дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Шардара ауданының тұрғындары жаңа Конституция жобасын қолдап, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларға сенім білдіретінін жеткізді. Халықтың белсенді қолдауы – жүргізіліп жатқан саяси жаңғырулардың маңызын айқын көрсетеді—деді.
Кездесу соңында Қалима Жантөреқызы жиынға қатысушыларға алғысын білдіріп, партия тарапынан алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті. Сонымен қатар, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жолында бірлесе еңбек ету әрдайым басты міндет болып қала беретінін жеткізді.
Бауыржан Қуанышбайұлын жаңа қызметімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жауапты міндетінде толағай табыс, мықты денсаулық және ел игілігі жолындағы еңбегіне сәттілік тілейміз. Жинақтаған мол тәжірибесі мен іскерлік қабілеті Шардара ауданының дамуына және AMANAT партиясының мақсат-міндеттерін нәтижелі жүзеге асыруға зор үлес қосатынына сенім білдіреміз.

Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1154272?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді