Чехия үкіметіне Қазақстандағы конституциялық жаңғыру барысы таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Прага, 2026 жылғы 3 ақпан – Елші Қайрат Әбдірахманов Чех Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Мария Шатардованы Конституциялық комиссияның қызметі, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы жобасын бүкілхалықтық талқылау барысы, сондай-ақ екіжақты іс-қимыл жөніндегі нақты ұсыныстар туралы хабардар етті.

ЧР Сыртқы істер министрлігінде өткен жылы шырайлы кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы түрлі деңгейде қалыптасқан тұрақты әрі сындарлы саяси диалог қанағаттанушылықпен атап өтті. Сонымен қатар, екі мемлекеттің, сондай-ақ Орталық Азия мен Орталық Еуропаның іскер топтарының зор әлеуетін ескере отырып, сауда-экономикалық әріптестікті жаңа белеске көтеруге үкіметтердің өзара мүдделі екені баса айтылды. Бұл ретте өңірлердің көлік-транзиттік өзара байланысы саласындағы ашылып жатқан жаңа перспективалар мен Еуропалық Одақпен ынтымақтастық аясындағы өзге де бастамалар ерекше назарға ілікті.

Өз кезегінде қазақ тарапы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жөнінде сөз қозғады. Бұл реформалар құқықтық жүйе мен билік институттарының орнықтылығын нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік саясаттың болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған, әрі бұл шетелдік инвесторларды қоса алғанда, ұзақ мерзімді серіктестер үшін аса маңызды.

Кездесу қорытындысы бойынша алдағы сапарлар кестесі пысықталып, Қазақстан мен Чехия арасындағы саяси қатынастарды дамытуға, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге екі жақтың дайындығы расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1155052?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді