
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын жан-жақты талқылау үшін М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессор-оқытушы құрамымен кездесті.
Ербол Қарашөеев Ата заңның жаңа редакциясындағы тұжырымдамалық өзгерістердің мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуге, қазақстандық қоғамға тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды айқындауға, сондай-ақ саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен бірге Конституциялық реформаға енгізілген өзгерістердің жастардың болашағы үшін маңызды қадам екеніне тоқталып, студенттерге Ата Заңның әр бабы мен тармағын түсіндіруді тапсырды.
– Жаңа Ата Заң жобасында адами капиталды дамытуға басымдық беріліп, білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше назар аударылған. Бұл өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Конституцияда аталған салаларға қатысты нормалардың нақты айқындалуы жауапкершілікті күшейтеді. Осы тұрғыда университеттің профессор-оқытушылары үшін Ата Заңның жаңа мәтінінің маңызы зор, – деді педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Айсұлу Тұрарова.
Экономика және құқық факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ерлан Сарымбетов адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы мен мағыналық өзегіне айналғанын айтты. Сондай-ақ жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуын оң әрі маңызды бастама ретінде бағалады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құру – баршымыздың ортақ мақсатымыз екенін баса айтып, университет ұжымына білім мен ғылым саласындағы жемісті еңбектері үшін алғысын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1155080?lang=kk

Жауап қалдыру