Өнегелі бастама: Қуаныш ауылы «арақ ішпейтін ауылдар» қатарына қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Өнегелі бастама: Қуаныш ауылы «арақ ішпейтін ауылдар» қатарына қосылды

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Қуаныш ауылында елді мекеннің болашағы үшін маңызы зор игі іс-шара өтті. Біржан ауылдық округіне қарасты бұл ауылдың тұрғындары жалпы жиналыс барысында «Тәртіпті, құқыққа бағынатын ауыл» бастамасын қолдап, ішімдіктен толықтай бас тарту туралы шешім қабылдады.

Осы бастама аясында 2026 жылғы 2 ақпанда А. Орманбетов атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінде «Алкогольсіз ауыл» тақырыбында кеңейтілген кездесу ұйымдастырылды. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, ішкі саясат бөлімі мен білім беру саласының мамандары, сондай-ақ ауыл белсенділері мен тұрғындардан құралған 42 адам қатысты. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті нығайту, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және соңғы уақытта белең алған алаяқтық қылмыстардың профилактикасы мәселелері кеңінен талқыланды.

Ауыл тұрғындары алкогольден бас тартуды жай ғана тыйым емес, отбасы берекесін сақтауға және өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саналы таңдау деп қабылдады. Жиын қорытындысы бойынша ауыл халқы Қуанышты «арақ ішпейтін ауылдар» тізіміне енгізу туралы ұсынысты бір ауыздан қолдап, тарихи шешім қабылдады.

Қазіргі таңда 84 түтіні бар Қуаныш ауылында 370 тұрғын өмір сүреді. Ауылдағы білім ордасында 41 оқушы оқыса, «Балдәурен» балабақшасында 15 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауыл тұрғыны Қасенов Нұрлан Набиолдаұлы бұл бастаманың жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін айтып, басқа елді мекендерді де осы жолды ұстануға шақырды. Өз кезегінде мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі ішімдіктің салдарынан болатынын алға тартып, ауыл халқының бұл қадамы аймақтағы қылмыстың азаюына тікелей септігін тигізетінін атап өтті.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-zaysan/press/news/details/1154234?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді