Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы туралы ақпарат

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылар қауымдастығынан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, сондай-ақ ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижелері негізінде кешенді конституциялық реформа аясында әзірленді. Реформаның негізгі мақсаты – саяси жүйені жаңғырту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту және мемлекеттің конституциялық негіздерін қазіргі әлеуметтік-экономикалық және технологиялық сын-қатерлерге бейімдеу.

Конституцияның жаңа редакциясында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі және егемендіктің иесі болып танылады. Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін конституциялық құндылықтар қатарына жатқызылған. Алғаш рет Конституция деңгейінде әділдік, заң және тәртіп қағидаттары, табиғатқа ұқыпты қарау, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісім бекітіледі.

Жоба саяси жүйені елеулі институционалдық жаңғыртуды көздейді. 145 депутаттан тұратын, өкілеттік мерзімі бес жыл болатын, пропорционалды сайлау жүйесі негізінде қалыптастырылатын бірпалаталы Парламент – Құрылтай енгізіледі. Жалпыұлттық диалогтың жоғары консультативтік органы – заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институты енгізіледі.

Азаматтардың құқықтық кепілдіктерін кеңейтуге және нығайтуға ерекше назар аударылған. Азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салу, кінәсіздік презумпциясы және бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеу қағидаттары бекітіледі. Конституциялық деңгейде алғаш рет «Миранда қағидасы» орнықтырылады, адвокатура және адвокаттық қызмет туралы жеке бап енгізіледі, сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы көзделеді.

Конституция мемлекеттің зайырлы сипатын және білім беру жүйесінің зайырлылығын растайды, дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты ажыратады. Неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалады.

Жаңа Негізгі заңның стратегиялық басымдығы ретінде адами капиталды дамыту белгіленген. Білім беру, ғылым, мәдениет және инновациялар мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттары ретінде айқындалып, зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі.

Жаңа Конституция жобасында Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратын Негізгі заңның жаңа редакциясы ұсынылады, бұл ретте қолданыстағы Конституция мәтінінің 77 бабы, яғни 84 пайызы жаңартылған.

 Жаңа Конституцияны қабылдау туралы түпкілікті шешім Қазақстан Республикасының азаматтары тарапынан жалпыұлттық референдумда қабылданады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-usbp/press/news/details/1155058?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді