
29 қаңтар күні Хромтау ауданы әкімдігінің ресми Instagram парақшасында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне қатысты тікелей эфир өтті. Эфир барысында бөлім басшысы Рсалин Қойшыбай 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге жоспарларды баяндады.
Жыл қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 35,8 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,6% болды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 17,1 млрд теңге (98,4%), ал мал шаруашылығы 18,7 млрд теңге (102,1%) деңгейінде қалыптасты.
«Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін тұрақты сақтау және жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға қолдау көрсетілуде», — деп атап өтті бөлім басшысы.
2026 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес аудан бойынша ірі қара – 35 057 бас, қой – 58 532 бас, ешкі – 25 203 бас, жылқы – 32 272 бас, құс – 35 057 басты құрайды.
Келер жылға жоспарланған егіс алқабы 119,8 мың гектар. Негізгі үлесті дәнді дақылдар алады — 56,9 мың га. Сонымен қатар майлы дақылдар — 18,7 мың га, бұршақ дақылдары — 1,0 мың га, мал азығы дақылдары — 8,6 мың га көлемінде орналастырылады. Картоп, көкөніс және бақша дақылдары да егіледі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 12 жоба ұсынылып, оның 10 жобасы бойынша 86,5 млн теңге несие берілді. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 3 млрд 266,2 млн теңгені құрап, жоспар 111,8% орындалды.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында мониторинг жүргізіліп, пайдаланылмай жатқан 197,7 мың гектар жер бойынша материалдар уәкілетті органға жолданды. Нәтижесінде 2025 жылы 11,2 мың гектар жер арнайы жер қорына қайтарылды.
Жыл ішінде 4 конкурс өткізіліп, 46,7 мың гектар жердің 54 учаскесі шаруа қожалықтарына берілді. Аукцион арқылы 12 жер учаскесі сатылып, бюджетке 2,17 млн теңге кіріс түсті.
2026 жылы 30 мың гектар жерді конкурс арқылы беру және 9 гектар жерді аукционға шығару жоспарланып отыр. Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1155103?lang=kk

Жауап қалдыру