
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың, соның ішінде кәріз желілерін салу және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен арнайы танысып, нысандарды аралады.
Қала басшысы алдымен Бекзат секторы аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу мақсатында қазылған Жәңгірхан, Байқоңыр және Қазақбаев көшелеріндегі атқарылған жұмыстарды тексерді. Аталған аумақта мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС тарапынан жол жабындысын уақытша қалпына келтіру мақсатында тас төсеу жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, тиісті шаралар аяқталған.
Сондай-ақ, Сауран секторы аумағындағы М.Әуезов, С.Асанов, М.Маметова, Н.Оңдасынов, М.Төлебаев көшелері мен олардың қиылыстарында «Пана Құрылыс Груп» ЖШС тарапынан магистралдық және абоненттік кәріз желілерінің құрылысы жалғасуда. Құрылыс барысында қазылған жол учаскелеріне тас төселгенімен, соңғы күндері жауын-шашынның мол түсуіне байланысты кейбір бөліктерде жол жабыны отырып, лай-батпаққа айналған. Қазіргі таңда бұл кемшіліктерді жою мақсатында қайтадан тас төсеу және жолды қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Мақтазауыт және Асанбай ата шағынаудандарында кәріз жүйесі жүргізілген көшелерде мердігер «Қызмет» ЖШС тарапынан тас төсеу, жолдарды ретке келтіру және абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Нысандарды аралау барысында қала басшысы инфрақұрылым – тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін атап өтіп, барлық жұмыстардың белгіленген мерзімде, сапа талаптарына сай әрі тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайта отырып орындалуы керектігін қатаң тапсырды. Сондай-ақ, мердігер мекемелерге жұмыс сапасына ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1155245?lang=kk

Жауап қалдыру