
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Абай университеті экологиялық әріптестікті кеңейтіп жатыр
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Абай университеті Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметовпен кездесу барысында «Таза Қазақстан» жобасы аясында бірлесе атқарылатын жұмыстарға тоқталып, ортақ ұсыныстар мен жоспарлар талқылады. Жалпыұлттық жоба шеңберінде екіжақты әріптестікті арттырып, жастар арасында экологиялық тазалықты насихаттауға назар аударылды. Талқылау барысында университет басшылығы «Таза Қазақстан» жобасы бойынша қолға алынған білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамының экологиялық ғылыми зерттеулеріне тоқталды.
Ұлттық паркі болашақ мамандарды даярлауда тәжірибе алаңына айналдыру мәселесі қозғалды. Кездесу барысында табиғи нысандар, биоалуантүрлілік пен экожүйелерге қатысты мәліметтерді талдау арқылы студенттердің зерттеу қабілеттерін арттыру, бірлескен оқу құралдары мен әдістемелік еңбектер әзірлеу жайы сөз етілді. Ұлттық парктің деректер қорын ғылыми айналымға енгізіп, оқу үдерісінде пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркінің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар да қаралды. Атап айтқанда, студенттердің жаңа технологияларды пайдалана отырып, экологиялық, танымдық және туристік бағыттағы бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды. Мұндай цифрлық жобалар жастардың қызығушылығын тудырып, ұлттық парк қызметін кеңірек насихаттауға септігін тигізеді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім алдағы екіжақты бірлескен жұмыстардың берік негізіне айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1155953?lang=kk

Жауап қалдыру