
6 ақпанда Риддер қаласында шаңғы жарысынан ҚР Жастар чемпионатының жалауы желбіреді.
Жарыстың алғашқы күні еркін стильдегі спринтте еліміздің 10 өңірінен келген 173 спортшы бақ сынасты. Нәтижесінде төрт медаль жиынтығы сарапқа салынды.
U-23 санатындағы ерлер арасында Шығыс Қазақстан облысының шаңғышылары басымдық көрсетті. Алтын медальді Ілияс Исабек иеленсе, күміс жүлде оның жерлесі Дастан Қалибековке бұйырды. Тұғырдың үшінші сатысына Ақмола облысынан келген Егор Степанов көтерілді. Бұл жас санатында барлығы 18 спортшы жарыс жолына шықты.
Жасөспірімдер арасындағы бәсеке ең тартысты әрі қатысушылары көп болды – барлығы 92 спортшы жарыс жолына шықты. Мұнда Қостанай облысының өкілі Ратмир Югай жеңіске жетсе, екінші орынды Егор Дачкин (ШҚО), ал қола жүлдені астаналық Берік Боранбаев еншіледі.
U-23 санатындағы әйелдер арасында Павлодар облысынан келген Елизавета Толмачева үздік атанды. Екінші және үшінші орындарды Қостанай облысының намысын қорғаған Аида Хажиева мен Дарья Ким бөлісті. Бұл санатта ШҚО спортшылары арасында ең жақсы нәтижені Ангелина Кузьмина көрсетіп, 12-ші орынға табан тіреді.
48 спортшы қатысқан жасөспірім қыздар арасындағы жарыста Шығыс Қазақстанның шаңғышылары көш бастады: Алеся Бочкарева алтын, ал Арина Арестова күміс медаль алды. Үздік үштікті Абай облысының өкілі Карина Замзина түйіндеді.
Жарыс жалғасуда. Алдағы күндері жас спортшылар өзге пәндер бойынша ұлттық біріншіліктегі көшбасшылық үшін бақ сынасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1156919?lang=kk

Жауап қалдыру