
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2025 жылы атқарған жұмыстары және 2026 жылға жоспарлары бойынша мәжіліс өтті. Жиында аудан аумағындағы электр қуатының тұрақтылығы, желілердің техникалық жай-күйі және алдағы кезеңдегі нақты міндеттер қаралды. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, Түркістан аудандық электр желілерінің басшысы Адилбек Анарбаев, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директорының техникалық бөлігі бойынша орынбасары Дидар Гүлденбекұлы қатысты.
Аудан әкімі электрмен қамту жүйесінің сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер ететін маңызды бағыт екенін атап өтті. Сонымен қатар электр желілерін күтіп-ұстау, апаттық жағдайлардың алдын алу, қызмет көрсету сапасын арттыру және жоспарлы жұмыстардың уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Түркістан аудандық электр желілерінің басшысы А.Анарбаев баяндама жасап, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді. Баяндамашы электр желілерін жаңарту, техникалық қызмет көрсету және желілердің сенімділігін арттыру бағытындағы орындалған шараларға тоқталып, 2026 жылға арналған жоспарланған жұмыстарды баяндады.
Екінші мәселе бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Ақселеу Сейденбек Сауран ауданы бойынша электр қуатының жағдайы жөнінде баяндама жасады. Ол аудан аумағындағы электрмен қамту көрсеткіштері, жүктеме деңгейі және тұрақты қамтамасыз етуге қатысты ұйымдастыру шаралары бойынша мәлімет ұсынды.
Мәжіліс барысында сұрақ-жауап жүргізіліп, көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізуді тапсырды. Сондай-ақ мәжілісте анықталған кемшіліктер бойынша тиісті бөлім басшыларына жедел шешім қабылдап, орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1156831?lang=kk

Жауап қалдыру