ТҮРКІСТАН – ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША ҮЗДІК ҮШТІК ҚАТАРЫНДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың жұмысын бағалау үшін арнайы индикаторлар бекітіліп, рейтинг әзірленген. Осы арқылы экономикалық көрсеткішті жақсартып, жұмыс тиімділігін арттыру көзделген. Түркістан облысы әкімінің аппараты ғимаратында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті рет әкімдіктің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен жауапты сала жетекшілері қатысты.
Алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды. Өңір басшысы өткен жылы облыс экономикасында оң динамика сақталғанын атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша үшінші орынға тұрақтады. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 1226 млрд теңгені құрап, өсім 100,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. 2025 жылы қуаңшылық пен жауын-шашынның аз болуы әсер етпегенде көрсеткіш бұдан да жоғары болатын еді. Дегенмен республика көлемінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі бойынша облыс бірінші орында тұр.
Кеңейтілген алқа отырысында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызметтік тиімділігі жан-жақты бағаланды. Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың айтуынша, бағалау жүйесі 9 блоктан және 97 индикатордан тұрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызметтік тиімділік рейтингінің көш басында Сауран, Жетісай және Созақ аудандары тұр. Ал соңғы орындарында Бәйдібек ауданы, Кентау және Арыс қалалары жайғасты. Облыс әкімі бұл аумақтарда бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізілмеуі тиісті жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмегенін көрсететінін атап өтіп, аталған аудан және қала әкімдерінің есептерін тыңдады.
Жиын барысында елімізде басталған Конституциялық реформа мәселесі де қозғалды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және әділетті, ашық әрі құқықтық мемлекет қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.
Алқа отырысын қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров орынбасарларына, аудан-қала әкімдері мен басқарма басшыларына әрбір бекітілген индикатордың орындалуын жеке бақылауға алып, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1156452?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді