Ақтауда заңсыз қоқыс төккен кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 7 ақпан күні Ақтау қаласындағы 19-шағынаудан, 14-үй аумағында орналасқан қоқыс контейнерлеріне ірі көлемде тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен тұлғалар анықталды.

Тексеру нәтижесінде аталған құқық бұзушылықтың 19-шағынауданда орналасқан «Өрлеу» тұрғын үй кешеніндегі кәсіпкерлік нысандарға тиесілі екені белгілі болды. Сонымен қатар нысан аумағында да абаттандыру ережелерін бұзғаны анықталды. Оқиға бойынша Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі шағынауданның учаскелік полиция өкілімен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, нысан иелерінің біріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес ескерту берілсе, екінші бір кәсіпкерге заң талаптарына сай әкімшілік айыппұл салынды.

Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық кәсіпкерлер қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша арнайы лицензияланған ұйымдармен тиісті келісімшарт жасауға міндетті.

– Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді тазалық талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Тазалық – баршаға ортақ міндет. Қаланы бірге таза ұстайық, – деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлыбек Гумаров.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1157873?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді