
Қазығұрт аудандық полиция бөлімі – 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыспен күрес бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.
Осыған орай аудан тұрғындарымен есептік кездесу өткізіліп, жиынға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокурорының орынбасары Баймағамбетов Бақытжан, құқық қорғау органдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің басшысы Серікбаев Алмас Сұлтанұлы баяндама жасап, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерге тоқталды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан жол бойына бейнебақылау камераларын орнату, мал ұрлығының алдын алу секілді өзекті мәселелер көтерілді. Полиция бөлімінің басшысы аталған ұсыныстар заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Жиында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
— Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне жауапты. Заң мен тәртіп – тұрақты дамудың және қауіпсіз қоғамның басты кепілі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлер назардан тыс қалмайтынын айтып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде салалық басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің басшысы дәмханалар мен ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын қайта қарау жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл мәселені аудан әкімі аудандық мәслихатпен бірлесіп қарау қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынатын болды.
Айта кетейік, 2026 жылдың Балалар жылы болып жариялануына байланысты «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық кепілі» қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқаруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1157416?lang=kk

Жауап қалдыру