Қаратал аудандық полиция бөлімінде мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күні өтті. Бұл шара оқушылар үшін танымдық мәні зор ерекше оқиғаға айналды. Балаларға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен танысып, полиция жұмысына ішкі жағынан көз жүгіртуге мүмкіндік берілді.
Экскурсия барысында оқушылар «қаланың көзі мен миы» деп аталатын жедел басқару қызметінің жұмысымен танысты. Мектеп оқушыларына бұл бөлімшенің қызметкерлері жедел жағдайды тәулік бойы бақылап, түрлі қызметтердің іс-қимылын үйлестіретіні және аудан тұрғындарының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды шешімдер қабылдайтыны туралы кеңінен түсіндірілді. Балалар мамандардың жұмысына қызығушылықпен қарап, бұл қызметтің қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін ұғынды.
Кездесу барысында түсіндіру жұмысына ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері балаларға құқық қорғау органдарындағы қызметтің маңызын, заңдылық, тәртіп пен қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарын түсіндірді. Оқушылар әңгімеге белсене қатысып, полиция қызметіне қатысты, ішкі істер органдарына қабылдау шарттары және болашақ полицей қандай қасиеттерге ие болуы керектігі жөнінде сұрақтар қойды. Қойылған әрбір сұраққа жан-жақты әрі түсінікті жауап берілді.
Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ полиция қызметкерлері мен жас ұрпақ арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Көптеген оқушылар үшін бұл кездесу құқықтық тәртіп қорғаушы мамандығының маңызын түсінуге алғашқы қадам болды.
#законипорядок #заңментәртіп #ЦОУ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1158374?lang=kk

Жауап қалдыру