
Сарыағаш ауданында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын кезең-кезеңімен оң шешімін тауып, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне қарасты Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтуға арналған құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады. Аудан басшысы нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жауапты мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес, белгіленген мерзімде және жоғары сапада аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.
Ақжар ауылдық округінің Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал жобаның тапсырыс берушісі – Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Қазіргі таңда, елді мекен аумағында су құбырларын тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталған. Аталған жоба толық жүзеге асырылған жағдайда Ақжар елді мекеніндегі 7 мыңға жуық тұрғын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтылатын болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1158757?lang=kk

Жауап қалдыру