Өмір бойына бас бостандығынан айыру: әр сәті жауапкершілікке толы тергеу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

    2025 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы кәмелетке толмаған балаға қатысты ерекше ауыр санаттағы қылмысты өз өндірісіне қабылдады. Жүргізілген жүйелі тергеу жұмыстарының нәтижесінде істің толық әрі объективті ашылуын қамтамасыз етті. Мұндай істер мерзіммен емес, жауапкершілікпен өлшенеді. Бір ғана процессуалдық қателік бүкіл тергеудің тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан алғашқы сағаттардан бастап бұл істе формализмге де, шаблонды әрекетке де орын жоқ екені анық болды. Тергеу ерекше санаттағы қылмыстарды тергеуге маманданған полиция капитаны Бақтыгүл Жауынбаеваға тапсырылды. Оқиға орнын жан-жақты әрі мұқият қарау, биологиялық іздерді анықтау және тіркеу — бәрі де процессуалдық заң талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілді. Бастапқы тергеу әрекеттерінің сапасы бұл істе шешуші рөл атқарды. Дәл осы алғашқы кезеңде жиналған дәлелдемелер кейін геномдық және биологиялық сараптамалардың толыққанды әрі нәтижелі жүргізілуіне негіз болды. Тергеу жүйелі, дәйекті және эмоцияға берілмей, тек нақты фактілерге сүйене отырып жүргізілді. Процессуалдық мерзімдер бұзылмады, қосымша ұзартуларға жол берілген жоқ. Кәмелетке толмаған жәбірленушінің құқықтарын қорғауға ерекше мән берілді. Баладан жауап алу кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың арнайы жабдықталған ойын бөлмесінде өткізілді. Мұндай тәсіл психологиялық жүктемені азайтып, айғақтардың шынайылығын сақтауға мүмкіндік берді. Айлар бойы жүргізілген тиянақты жұмыс, ондаған сараптама, әрбір деректі мұқият салыстыру мен тексеру сотта шешуші дәлелдерге айналды. Батыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл үкім — жай ғана сот шешімі емес. Оның артында кәсіби шеберлік, табандылық және жауапкершілікпен жүргізілген тергеу тұр. Айта кетейік, тергеуші, полиция капитаны Бақтыгүл Жауынбаева ішкі істер органдарында 8 жылдан бері қызмет атқарады. 2025 жылы оның өндірісінен ерекше ауыр санаттағы үш іс, сондай-ақ ауыр және орташа ауырлықтағы бірқатар қылмыстық іс сотқа жолданған. Балаларға қарсы жасалған қылмыстарға ешқандай жеңілдік те, кешірім де болмауы тиіс. Мұндай істерде жазаның бұлтартпастығы — басты қағида.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1159690?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді