
Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Три дозы смерти» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою және олардың дұрыс өмірлік ұстанымын қалыптастыру. Тұсаукесерге қонақ ретінде шорт-тректен IX Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Малика Ермек, конькимен жүгіруші Алтай Жәрдембекұлы және шорт-трекші Санжар Жанысов қатысты.
Деректі фильмнің авторы Саби Байбосыновтың айтуынша, ол бұған дейін де қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп келген.
«Қазақстандағы маңызды әлеуметтік проблемаларды қозғап, қоғамға өз үлесімді қосып жүрмін. Бұған дейін депрессия мен лудомания тақырыптарында деректі фильмдер түсірдім. Енді есірткі мәселесін көтеруді жөн көрдім. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 18 мың азамат ресми тіркеуде тұр. Бұл тек ресми дерек. Тіркелмегендердің саны одан да көп. Бұрын шетелдік фильмдерден көріп таңғалатын жайттар бүгінде бізде де қалыпты құбылысқа айналып барады. Әлеуметтік желінің дамуы есірткінің таралуына жол ашты. Ішкі істер органдарының жыл сайын қаншама тонна есірткіні тәркілеуі аталмыш мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді», – деді ол.
Айта кетейік, деректі фильм 15 ақпан күні кешкі сағат 21:15-те «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1160307?lang=kk

Жауап қалдыру