
Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету өмірлік қиын жағдайға тап болған және бөгде адамдардың көмегіне мұқтаж азаматтарға көрсетіледі. Қызмет көрсетудің тәртібі мен шарттары “Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің № 263 бұйрығымен реттеледі
Аталған бұйрықтың 1-тарауының 2-тармағына сәйкес үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер:
- бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиялары бар мүгедектігі бар балаларға;
- бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға;
- он сегіз жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар адамдарға;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- жасының ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз қарт адамдарға көрсетіледі.
Қызметтер алушыны стационарлық ұйымға орналастырмай, оның тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі.
Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтерді үй жағдайында көрсету ұйымдары Стандарттың 2-тарауының 3-тармағына сәйкес аудандық әкімдік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің шешімі негізінде көрсетеді. Сол себепті, үйде әлеуметтік қызмет алу үшін, тұрғылықты жері бойынша аудандық әкімдік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну қажет. Және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 263 бұйрығының 2-тарауы, 5 тармағына сәйкес мынадай құжаттар ұсынылады:
- қызмет алушының немесе оның заңды өкілінің өтініші;
- жеке басын куәландыратын құжат (немесе ЖСН көрсетілген электрондық құжат);
- медициналық карта;
- психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК)
қорытындысы (балалар үшін).
Өтініш қабылданғаннан соң аудандық әкімдік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ЖСН арқылы «электрондық үкімет» шлюзі негізінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен қажетті мәліметтерді сұратады.
Құжаттар тексерілгеннен кейін уәкілетті органның маманы бес жұмыс күні ішінде мүгедектігі бар адамның немесе қарт адамның тұрғылықты жеріне барып, тұрғын үй және материалдық-тұрмыстық жағдайларын тексереді және осы Стандарттың 3-қосымшасына сәйкес акт жасайды.
Бағалау нәтижелері бойынша үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шешім қабылданады. Одан кейін жеке қызмет көрсету жоспары әзірленіп, қызмет алушыға әлеуметтік қызметкер бекітіледі.
Ескертпе
Егер, өтініш, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе кәмелетке толған адамның заңды өкілі арқылы берілсе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес заңды өкілдігін растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-almaty/press/news/details/1160629?lang=kk

Жауап қалдыру