
Қарақия ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз ету бағытында маңызды келісім жасалды. Аудан әкімдігі мен жергілікті тауар өндіруші арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін төмен бағамен сату жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Азирханов Шапағат Басшыұлы мен «Жанақ шаруа қожалығы» жетекшісі Бекібаев Доктор қол қойды. Тараптар бұдан былай бірлескен жұмыс аясында «Ауыл шаруашылығы өнімі» ұғымы шеңберінде әрекет ететін болады.
Аталған меморандумның басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, халықты қажетті көлемде және қолжетімді бағамен қамтамасыз ету, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты тұрақты дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру.
Жасалған меморандум – Қарақия ауданында бағаны тұрақтандыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Бұл бастама жергілікті атқарушы орган мен агроөнеркәсіп саласы өкілдерінің ортақ жауапкершілігін айқындап, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етпек.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1161868?lang=kk

Жауап қалдыру