
Алматы облысындасСпорт инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс аумағында барлығы 1891 спорттық құрылым жұмыс істейді. Оның 503-і дене шынықтыру-спорттық мәндегі нысандар, 1193-і білім беру ұйымдарында орналасқан, 195-і спорт мектептеріне тиесілі. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әдиахметов айтты.
Қазіргі уақытта 3 ірі спорт кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кеген ауданы Жалағаш ауылында 50 орындық спорт кешенінің дайындығы 60 пайызды құрайды. Нысанды 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба арнайы мемлекеттік қор есебінен 1,1 млрд теңгеге қаржыландырылуда және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару тетігі аясында жүзеге асырылуда.
Спикердің айтуынша, Жамбыл ауданы Тарғап ауылында 70 орындық спорт кешенінің құрылысы 30 пайызға орындалған, іске қосу мерзімі – 2026 жылдың төртінші тоқсаны. Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында 70 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 25 пайызға аяқталған, пайдалануға беру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Сонымен қатар 14 спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Атап айтқанда, Қонаев қаласында көп функционалды спорт кешені мен Шеңгелді ауылындағы нысан, Алатау қаласының Заречный шағын ауданындағы кешен, Балқаш ауданы Бақбақты ауылындағы, Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы спорт мектеп-интернаты және Көкөзек пен Жібек жолы ауылдарындағы стадиондар, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би, Қазақстан, Тескенсу ауылдарындағы, Іле ауданы М.Түймебаев ауылындағы, Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылындағы, Райымбек ауданы Текес және Қайнар ауылдарындағы нысандар бар. Тағы 4 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында да оң динамика байқалады. Жыл басынан бері облыста 400 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Тек өткен аптада 85 спорттық шара өтті. Олардың қатарында облыстық ғылым және білім қызметкерлері арасында жылдам шахматтан «SENAT OPEN – 2026» кубогы, спорт ардагері Қанылбаев Әмір Жылқыбаевичтің құрметіне арналған жасөспірімдер арасындағы бокс турнирі, шаңғы жарысынан облыс чемпионаты, дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында баскетболдан ашық турнир бар.
«Облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар үлесі 42,7 пайызға жетіп, 625 735 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 44 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта QR-кодпен жабдықталған заманауи интерактивті цифрлық платформа әзірленуде. Платформа арқылы спорт нысандары мен іс-шаралар туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болады»,-деді басқарма басшысының орынбасары Жансерік Әдиахметов.
Сонымен қатар облыстық басқарма Қазақ спорт және туризм академиясы мен Қазақ ұлттық спорт университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Құжаттар аясында мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру, студенттер мен жас спортшылардың тәжірибеден өтуін ұйымдастыру, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды бірлесіп өткізу, ғылыми-инновациялық әдістерді енгізу және спорттық туризмді дамыту бағыттары жүзеге асырылатын болады.
Жалпы алғанда, Алматы облысында спорт саласы кешенді түрде дамып, инфрақұрылым жаңарып, жеке инвестициялар тартылып, бұқаралық спорт ауқымы кеңейіп келеді. Бұл өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және жоғары жетістіктер спортының сапалы дамуына берік негіз қалыптастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-sayasat/press/news/details/1161973?lang=kk

Жауап қалдыру