
Бүгін қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы кәріз жүйесі жүргізілген көшелердің қазіргі жай-күйі және жолдарды жөндеу барысында орын алған кемшіліктер бойынша мердігер компания өкілдерімен арнайы жиын өткізді.
Жиында анықталған кемшіліктер мен қала тұрғындарынан түскен арыз-шағым, ұсыныстар негізінде нақты мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларының есебі тыңдалды.
Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Оспан мен Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Бексұлтан Ыдырыс кәріз жүйесі тартылған көшелердегі қалпына келтіру жұмыстарының барысын баяндап, бірқатар мердігерлер тарапынан жіберілген олқылықтарды, техникалық талаптардың сақталуы жөнінде есеп берді.
Қала әкімі мердігер компания басшыларына тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылым сапасына немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін, қазылған көшелердің уақытылы қалпына келтірілмеуі, жол жабындысының талапқа сай төселмеуі секілді мәселелер бойынша нақты шара көрілетінін қатаң ескертті.
«Әрбір көше – тұрғындардың өмір сүру кеңістігі. Кешегі жауын-шашыннан кейінгі жағдай қайталанбауы тиіс. Халық әкімдіктен сұрау салады. Сәйкесінше біз сіздерден қатаң талап етеміз. Жолдың сапасы мен инфрақұрылымның жай-күйі – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Әрбір атқарылған жұмыс сапалы әрі жауапкершілікпен орындалуы тиіс», – деп атап өтті қала басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1161964?lang=kk

Жауап қалдыру