
Бүгін, 16 ақпан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXV сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, қала және аудан әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты.
Күн тәртібінде облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, өңірді дамыту жоспары, 2021-2025 жылдардағы даму бағдарламасының орындалуы, әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, су пайдалану қағидалары және өзге де маңызды мәселелер қаралды.
Сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы 2021-2025 жылдарға арналған өңірдің даму жоспарының орындалу қорытындылары туралы баяндама жасап, соңғы бес жылда өңірлік жалпы өнімнің 3,6 трлн теңгеден 5,3 трлн теңгеге дейін өсіп, шамамен 50 пайызға артқанын атап өтті. Осы кезеңде облысқа 5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, 83 жоба іске асырылған.
Агроөнеркәсіп саласында 19 жоба жүзеге асырылып, түйе саны 20 пайызға өссе, көлік және инфрақұрылым бағытында 738 шақырым жол жөнделіп, 333 жаңа автобус сатып алынды. Сонымен қатар ауылдар толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, жылу желілері жаңартылды. Әлеуметтік салада 10-нан астам медициналық нысан салынып, 21 мыңнан астам орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді, үш ауысымды мектептер саны 18-ден 3-ке дейін қысқарды. Баяндамашы атқарылған жұмыстар өңір экономикасын әртараптандырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халықты әлеуметтік қолдау шараларына басымдық беріледі. Сонымен қатар экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға қосымша қаражат қарастырылған.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қабылданған шешімдердің өңірдің тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік салаларды қолдауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаттарына бірлескен әрі нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдірді.
– Алдағы кезеңде де әлеуметтік салаларды нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық береміз. Бірлескен еңбектің арқасында өңіріміздің әлеуетін одан әрі арттыруға сенім білдіремін, – деді өңір басшысы.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1162911?lang=kk

Жауап қалдыру