МАҚТААРАЛДА АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай Мақтаарал ауданында салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды шара ауған соғысында ерлік көрсеткен азаматтарға құрмет білдіру, олардың жанқиярлық еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қатысып, ауған соғысы ардагерлерін атаулы күнмен құттықтады. Ол өз сөзінде Отан алдындағы борышын адал атқарған жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
«Сіздердің қайсарлықтарыңыз бен табандылықтарыңыз – бүгінгі бейбіт өмірдің кепілі. Ел үшін атқарған қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайық. Жастар сіздерден үлгі алуы тиіс», – деді, ол.
Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар ардагерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Бұл – олардың қоғамдағы белсенділігі мен тәрбиелік жұмыстарына берілген лайықты баға болды.
Салтанатты кеш аудандық мәдениет үйі ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ән мен жырға, патриоттық рухқа толы сахналық қойылымдар көрермен көңілінен шығып, шараның мазмұнын арттыра түсті. Өнерпаздар орындаған патриоттық әндер мен әсерлі композициялар қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Тағылымды басқосу – тарих тағылымын ұлықтап, ерлікке тағзым етудің жарқын көрінісіне айналды. Ауған соғысының ардагерлеріне көрсетілген құрмет – елдік пен бірліктің, аға буынға деген ізеттің айқын белгісі.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1162763?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді