Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы төрағалық етті.
Отырысқа аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, дербес бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының, пробация қызметінің және өзге де жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және аудан көлемінде жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар талқыланды.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу саласында анықталған заң бұзушылықтарға талдау жасалып, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жауап қалдыру