Төлеби ауданындағы Жастар орталығы ғимаратында «Төлеби шыңындағы іскер ханымдар және бизнестегі жаңа технологиялар» атты форум өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы қатысып, кәсіпкер әйелдердің өңір дамуына қосып отырған үлесіне ерекше тоқталды. Ол әйелдер кәсіпкерлігінің аудан экономикасындағы рөліне назар аударып, жаңа бастамаларға батыл қадам жасауға шақырды.
Мемлекеттік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізіп, табандылық пен үздіксіз ізденіс табысқа жетелейтін негізгі факторлар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әйелдердің экономикалық белсенділігін арттырудың маңызын айрықша атап өткенін тілге тиек етті.
Президент әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және олардың бизнес бастамаларына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін көрсеткен. Сондай-ақ, әйелдердің жаңа технологияларды меңгеруі мен цифрлық экономикаға бейімделуі елдің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететінін ерекше атап өткен болатын.
Форум барысында табысты кәсіпкер ханымдар тәжірибелерімен бөлісіп, бизнестегі цифрландыру мен инновациялық технологиялардың тиімділігін талқылады.
Іс-шара соңында бірқатар белсенді кәсіпкер ханымдар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жауап қалдыру