Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар бойынша мәжіліс өтті. Жиында өңірдің инфрақұрылымын дамытуға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және қалалық орта сапасын жақсартуға бағытталған 9 жоба қаралды.
Күн тәртібінде Төлеби ауданының Ленгір қаласының сәулетін жақсартуға ұсынылған жобалар, Төлеби ауданы Біркөлік шатқалын реттеп, туристік әлеуетін көтеру, Келес ауданындағы көшелер мен ғимараттарды реттеуге қатысты ұсыныстар қаралды. Сонымен бірге Түркістан қаласы Есімхан даңғылына орналасатын жанармай құю бекеті жобасы, ӘІО аумағында орналасатын қонақ үй, бизнес-орталық және сауда орталығы кешені, ӘІО аумағындағы коммерциялық нысан жобасы, медициналық орталық, Мәдени-рухани орталық аумағына орналасатын коммерциялық нысан жобасы, сондай-ақ Б.Саттарханов даңғылы мен Есімхан даңғылының қиылысында салынатын айналма жол жобасы да талқыланды.
Алғашқы үш мәселе туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов баяндама жасап, аудандардағы жобалардың сәулеттік шешімдері мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне тоқталды. Облыс әкімі мен сәулеттік кеңес мүшелері аз қаржыны талап ететін жобаларға басымдық беру керектігін айтты.
Түркістан қаласында жүзеге асырылатын жобалар бойынша «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков инвестициялық жобалардың экономикалық тиімділігі мен жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін таныстырды. Ал Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған айналма жол жобасын баяндады.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты тұлғаларға жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету, сәулеттік талаптардың сақталуын қатаң бақылау және өңірдің бірегей келбетін қалыптастыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Кейбір жобаларды жетілдіру жөнінде ұсыныс беріліп, ол мәселелер алдағы уақытта талқыланатын болды.
Жауап қалдыру