Бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму және қауіпсіздік бағытындағы өзекті мәселелер талқыланып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Мәжіліс күн тәртібінде ең алдымен көктемгі су тасқынына дайындық және сел-сырғыма қаупі бар аумақтардың жағдайы қаралды. Аудан аумағында су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, қауіпті аймақтардағы жағдай жан-жақты талқыланды. Алдын алу шараларын күшейту, инженерлік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Аталған мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Қашим Абай және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев баяндама жасап, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Біркөлік және Ақмешіт аймақтарындағы заңсыз құрылыс нысандарын сотқа беру болды. Жиында заңсыз салынған нысандарды анықтау, оларды заң талаптарына сәйкес рәсімдеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар қаралды. Сонымен қатар жауапты бөлімдерге заңсыз құрылысқа жол бермеу, түсіндіру жұмыстарын күшейту және тиісті құқықтық шараларды қабылдау тапсырылды.
Аппараттық мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты бөлімдерге белгіленген іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды, жауапкершілікті күшейтуді және тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жауап қалдыру