
Көрікті Көкшенің қарымды қаламгері Жанайдар Мусиннің 90 жылдығына арналған мерекелік онкүндік өз мәресіне жетті.
Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жанайдар Мусиннің 90 жылдығына арналған «Ол жазды атын өлместей, Көкшенің көркем тасына» атты еске алу кеші өтті.
Тағылымды шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, қаламгердің бауырлары мен ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері және әріптестері қатысты.
Кеш шымылдығы театр әртістерінің орындауында «Балқадиша» прологы ұсынылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренова Ақмола облысының әкімі М.Ахметжанов атынан құттықтап, жазушының бауыры, заң ғылымдарының докторы Еркін Баймурзинмен «Ол жазды атын өлместей, Көкшенің көркем тасына» кітабының тұсауы кесілді.
Кеш барысында жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев, журналист, жазушы, сатирик, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Көшкен Сайлау Көшкенұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Ахат Нұртас Ахатұлы және заң ғылымдарының докторы, доцент, адвокат, медиатор Еркін Шахманұлы Баймурзин сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Әдеби-танымдық кеш Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың орындауында С.Сейфуллиннің «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы», Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» ансамблі, филармония солистері, «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, Республикалық байқауларының лауреаты Сәрсенбай Хасенов, Саида Сағди орындауларында Қ.Аманжолдың «Зеренді қарағайлары», «Кербез сұлу», «Көкшетау кестелері», «Сырлы Көкше» шығармаларымен әрленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/1163789?lang=kk

Жауап қалдыру