Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыру алаңы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және оны заманауи талаптарға бейімдеу – стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жүйелі қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жобасы.

Аталған жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі 2021 жылғы 8 шілдедегі №470 қаулысымен бекітілген мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Құжатта мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, ашықтық пен есептілікті күшейту, сондай-ақ адами капиталды дамытуға бағытталған нақты іс-шаралар айқындалған.

Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – таланттар пулын қалыптастыруға бағытталған әдіснамалық нұсқаулықтар негізінде жоғары оқу орындарының түлектерін даярлау және оларды мемлекеттік қызметке тарту жобасы. Оның негізгі мақсаты – ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеті бар, білімді, жауапты әрі жаңашыл ойлайтын жастарды мемлекеттік қызметке тарту, сондай-ақ олардың практикалық дағдыларын қалыптастыру.

Жоба аясында 2023 – 2026 жылдары аралығында 10  студент Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалының базасында бір апталық  оқыту курсынан өтті. Бағдарлама барысында қатысушылар жобалық басқару негіздерін меңгеріп, жобаларды әзірлеу және қорғау, тиімді коммуникация орнату, практикалық аналитика жүргізу сияқты маңызды дағдыларды игерді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласындағы нақты практикалық кейстерді талдап, басқарушылық шешімдер қабылдау тәжірибесін жинақтады.

Оқу үдерісі тәжірибелік сабақтар, тренингтер, шеберлік сыныптары және case-study форматында ұйымдастырылады. Қатысушылар білікті спикерлер мен тәжірибелі мемлекеттік қызметшілерден тікелей білім алып, кәсіби ортаға бейімделу мүмкіндігіне ие болады. Жобаның басты артықшылықтарының бірі – мемлекеттік органдарда практикадан өту мүмкіндігі. Бұл жас мамандарға мемлекеттік қызметтің ішкі жұмыс үдерісімен танысып, теориялық білімін іс жүзінде қолдануға жол ашады.

Дайындық бағдарламасын сәтті аяқтаған қатысушыларға жарамдылық мерзімі бір жыл болатын сертификат табысталады және олар өңірлік таланттар пулына енгізіледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін арттырып, кәсіби кадрлық резервті қалыптастыруға ықпал етеді.

Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – бұл тек білім беру жобасы ғана емес, ел дамуына үлес қосатын жаңа буын басқарушыларын тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Жоба жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, кәсіби, адал әрі бәсекеге қабілетті кадрлар корпусын қалыптастыруға негіз қалайды.

Мемлекеттік басқарудың тиімді, ашық және сервистік моделін қалыптастыру жолында мұндай жобалардың маңызы зор. Себебі мемлекеттің табысты дамуы – ең алдымен, білікті де жауапты кадрларға тікелей байланысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-alatau/press/news/details/1163232?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді