Бүгін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралып, жауапты бөлім басшыларының есептері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Бәйдібек аудандық кірістер басқармасының басшысы Сұлтан Ердикаликов 2026 жылы жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен төлемдердің күтілім сомасы, 2024–2026 жылдардағы салықты әкімшілендіру жұмыстары және салықтық берешек жағдайы туралы баяндады. Нұрпеис Ақбаев салық түсімдерін арттыру, ірі берешектерді өндіріп алу және мүлік салығы базасын кеңейту бағытында нақты тапсырмалар берді.
Екінші мәселе аясында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мейрамкүл Тұрымбекова мәдениет, тілдерді дамыту және денешынықтыру бөліміне 2026 жылға бекітілген бюджет, қаңтар айындағы қаржының игерілуі және ақпан айындағы күтілім туралы есеп берді. Бюджет қаражатының тиімді әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді, игерілмеген қаржыға жол бермеуді және қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Әуелбеков су тасқынының алдын алу шараларының барысы туралы баяндады. Жиында елді мекендердегі қауіпті учаскелерді бақылауда ұстау, арық-атыз жүйелерін толық тазалау және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру жөнінде міндеттер жүктелді.
Төртінші мәселе – көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрар Үркімбаев баяндама жасады. Егіс науқанына қажетті тұқым, жанар-жағармай және ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы талқыланды. Аудан басшылығы көктемгі дала жұмыстарына дайындықты толық аяқтап, шаруаларды қажетті ресурстармен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге нақты мерзімдер белгіленді.
Жауап қалдыру