
Елордада жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға дайындық аясында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Кезекті кездесу бүгін «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығының әкімшілігімен өтті. Талқылауға орталықтың еңбек ұжымы мен әкімшілік өкілдері қатысты.
Кездесудің спикері ретінде елорданың «Есіл» ауданы Ардагерлер кеңесінің өкілі Шарипа Үстемірова сөз сөйледі. Ол ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі ережелеріне, соның ішінде мемлекеттік басқару моделін жаңғырту мәселесіне жан-жақты тоқталды.
Спикердің айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – алдағы өзгерістердің мәнін азаматтарға жеткізу.
«Адамдар жұмысбасты, күнделікті тіршілікпен айналысады және саяси үдерістерге терең үңілуге әрдайым мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын тікелей еңбек ұжымдарында жүргізу маңызды. Конституцияға өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Қазақстан дамып келеді, сондықтан мемлекеттік жүйе де заманауи талаптарға сай болуы тиіс», – деді Шарипа Үстемірова.
Ол ұсынылып отырған реформалар елдің одан әрі дамуына, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар жаңартылған саяси модельге көшу, азаматтық қоғамның рөлі, тіл мәселесі және референдумға әрбір қазақстандықтың қатысуының маңыздылығы жөніндегі мәселелерді талқылады.
Іс-шара форматы қызметкерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, жан-жақты жауап алуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің елорданың өзге де алаңдарында жалғасатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1164722?lang=kk

Жауап қалдыру