Пара беруге оқталу фактісі туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ағымдағы жылдың 17 ақпанында Қостанай облысының прокуратурасы полиция қызметкеріне пара беруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс жөнінде айыптау актісін жасады.

Тергеу барысында анықталғандай, ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Қостанай қаласы, Қобыланды батыр көшесінде патрульдеу кезінде айналма жол айрығында авариялық жағдай туғызғаны үшін Түркістан қаласының тұрғыны басқарған «DAF» маркалы жүк көлігі Қостанай қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлерімен тоқтатылған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру кезінде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін полиция қызметкеріне пара ұсынған.

Алайда, лауазымды тұлғаға пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні бірнеше рет түсіндірілгеніне қарамастан, жүргізуші 5 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты қызметтік автокөліктің алдыңғы панеліне қойған.

Осыдан кейін полиция қызметкерлері жедел-тергеу тобын шақырып, пара беру әрекетін тіркеген.

Аталған жүргізушінің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабы 1-бөлігі (лауазымды тұлғаға жеке өзі пара беруге оқталу) бойынша сараланған.

Аталған баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.

Қостанай облысының прокуратурасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес пара алғаны үшін де, пара бергені үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделгенін түсіндіреді.

 

Қостанай облысының прокуратурасы

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-kostanay/press/news/details/1164237?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді