ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОШЕМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН АРДАҚТЫ АҒА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Өмірін елге адал қызмет етуге арнаған, өнегелі сөзі мен парасатты ісі арқылы көпке үлгі бола білген Түркістан облысы мен Төлеби ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевты құрметті демалысқа шығарып салуға арналған «Даналық жолы» атты рухани-танымдық шара «Millenium Palace» мейрамханасында өтті.
Салтанатты басқосуда сөз алғандар Әтірхан Шыңғысбаевтың ел мен ауданның әлеуметтік-қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, оның ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегіне зор ризашылықтарын білдірді. Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ардақты ағаның елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпақ үшін өнеге екенін айтып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің құттықтау адресаты оқылып, онда Әтірхан Шыңғысбаевтың қоғамдық өмірдегі белсенділігі мен ел бірлігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегі жоғары бағаланды.
Сондай-ақ салтанатты жиында ардақты ағаға Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің Алғыс хаты, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Алғыс хаты, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» төсбелгісі, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің, Төлеби ауданының прокуроры Аян Дабылұлының, сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасының құттықтау адресаттары табысталды.
Дәстүрге сай құрмет көрсету рәсіміне тек аудан басшылары ғана емес, арнайы келген мәртебелі қонақтар да қатысып, ардақты ағамыздың иығына шапан жауып, зор ілтипат білдірді. Шара шынайы алғыс пен ақ тілектерге толы өтіп, ел ағасының еңбегі мен ғибратты өмір жолы кейінгі буынға үлгі екені тағы бір мәрте айқындалды.
 
©️ Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1163932?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді