«САРАЙШЫҚ» АНСАМБЛІНІҢ «БАСТАУЫ»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жанынан жаңадан құрылған «Сарайшық» этно-фольклорлық ансамблінің «Бастау» атты алғашқы таныстырылым-концерті жоғары деңгейде өтті. Концертті филармония басшысы Бақытбек Сартбаев ашып, өз сөзінде жаңа ансамбльдің құрылуы өңірдің мәдени өміріндегі маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық музыкалық мұраны жаңаша пайымдаумен ұсыну, дәстүрлі өнерді қазіргі тыңдаушыға жақындату – «Сарайшық» ансамблінің басты бағыты екеніне тоқталды. Кеш барысында қазақтың дәстүрлі музыкасына негізделген, халықтық және авторлық шығармалар орындалып, ансамбль репертуарының көркемдік-идеялық өзегі айқын көрініс тапты. Бағдарламаға халық күйлерімен қатар, белгілі композиторлардың шығармалары еніп, әр туынды ансамбльдің өзіндік орындау мәнерімен көрерменге жол тартты. «Бастау» концерті арқылы «Сарайшық» этно-фольклорлық ансамблі филармония сахнасында жаңа шығармашылық тыныстың қалыптасқанын паш етіп, ұлттық өнерге заманауи көзқараспен қараудың үлгісін көрсетті. Бұл кеш – ансамбльдің шығармашылық жолындағы алғашқы белес әрі Атырау өңірінің мәдени кеңістігін толықтырған маңызды оқиға болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-madeniet/press/news/details/1164379?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді