
Таразда онкологияға қарсы күресте жаңа кезең: жоғары технологиялық томограф пен рентгенотерапиялық аппарат іске қосылды
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдық ресми түрде пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, жаңашыл жобаның өңір медицинасы үшін маңызын атап өтті. Ашылу рәсімінде қызыл лентаны орталықтың пациенттері қиды. Дертпен күрес жолында жандарынан табылған ақ халатты абзал жандарға жүрекжарды алғыстарын айтып, жаңа құрылғының талай жанға үміт сыйлайтынына сенім білдірді.
Онкопатологияларды ерте анықтау мақсатында орталыққа Қытайдың GE Hangwei Medical Systems Co., Ltd компаниясы шығарған 128 кесінділі Revolution Maxima компьютерлік томографы орнатылды. Бұл құрылғы ішкі ағзаларды қабат-қабат жоғары дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік береді. Жоғары ажыратымдылықтағы бейнелер мен заманауи бағдарламалық шешімдер дәрігерлерге ісіктерді ерте сатысында анықтап, ем тактикасын нақтылауға жол ашады.
Бұған дейін орталықта 32 кесінділі томограф болғанымен, ол тек сәулелік терапия кезінде қолданылатын линейлік үдеткішті имитациялау үшін пайдаланылған. Толыққанды диагностикалық зерттеулер жүргізу мүмкіндігі шектеулі еді. Сондықтан жаңа буындағы компьютерлік томографияға сұраныс жоғары болды.
128 кесінділі аппараттың іске қосылуы – ұсақ ісіктер мен аурудың бастапқы кезеңдегі қайталануын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде емдеуді ерте бастап, пациенттің өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, орталыққа 2025 жылы шығарылған Беларусь Республикасының «Терад-200» рентгенотерапиялық аппараты жеткізілді. Аталған құрылғы тері ісіктері секілді беткей орналасқан қатерлі түзілістерді емдеуге арналған. Жаңа аппарат өңірдегі сәулелік терапия қызметінің ауқымын кеңейтіп, онкологиялық науқастарға көрсетілетін көмекті жаңа деңгейге көтермек.
ҚР онкологиялық көмекке арналған 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында осындай жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына (ҚазНИИОиР) шынайы алғысымызды білдіреміз.
Жаңа құрылғылар өңір тұрғындарының денсаулығын нығайтып, онкологиялық ауруларды ерте анықтау мен тиімді емдеуге қызмет етеді деп сенеміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1165068?lang=kk

Жауап қалдыру