
Жетісу облысының полиция қызметкерлері қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасының кезекті кезеңі барысында Сарқан ауданында, Балқаш көлінің жағалауында заңсыз балық аулау дерегі анықталды.
Жетісу облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы мен Сарқан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандарымен бірлесіп, 25 жастағы ер адамды ұстады. Оның тиісті рұқсат құжаттарынсыз балық аулағаны анықталды. Сонымен қатар ол су жануарларына айтарлықтай зиян келтіретін, пайдалануға тыйым салынған монофильді талшықтан жасалған торларды қолданған.
Заңсыз әрекеттер нәтижесінде айналымнан 66 келіден астам балық тәркіленді. Оның ішінде 51 келіден астам көксерке және 14 келіден астам табан балығы бар. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген есептеулерге сәйкес, балық қорына келтірілген шығын 470 мың теңгеден асты. Тәркіленген балық сот шешімі шыққанға дейін арнайы тоңазытқыш жабдықтарында сақталуда.
Мамандардың айтуынша, заңсыз балық аулау су айдындарының экожүйесіне елеулі қауіп төндіреді. Браконьерлік торларды пайдалану балықтардың жаппай қырылуына, олардың табиғи көбею үдерісінің бұзылуына және су биоресурстарының біртіндеп сарқылуына әкеледі. Табиғатты қорғау шараларына жеткілікті көңіл бөлінбесе, бұл жекелеген балық түрлерінің жойылуына, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін.
Табиғатқа ұқыпты қарау — ел болашағына қосылған үлес. Су биоресурстарын сақтау әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Жетісу облысында браконьерлік деректерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасады.
#законипорядок #заңментәртіп #браконьеры
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1165312?lang=kk

Жауап қалдыру