
Жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасының жариялануы – ел дамуының жаңа кезеңіндегі тарихи әрі стратегиялық маңызы бар шешім. Бұл бастама қоғамның саяси-құқықтық санасын жаңғыртуға, ұлттық идеологияны заман талабына сай қайта пайымдауға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.
Аталған құжат тек мемлекеттің құқықтық негіздерін айқындап қана қоймай, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға және мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға берік идеологиялық тірек бола алады.
Конституция жобасында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы – заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілікті арттыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға негіз болады.
Жаңа Конституция жобасында қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, ұлтаралық татулық пен әлеуметтік тұрақтылық қағидаттарының сабақтастықпен қамтылуы ерекше маңызды. Бұл нормалар еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған мемлекеттік идеологияның өзегін айқындап, өңірлерде идеологиялық және ақпараттық саясатты жүйелі жүргізуге нақты бағдар береді.
Сонымен қатар, құжатта білім беру, ғылым, мәдениет және жастар тәрбиесінің ел дамуының басты басымдықтары ретінде конституциялық деңгейде бекітілуі – өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайтуға, тарихи сананы қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарға адал, жауапты азамат тәрбиелеуге кең мүмкіндік ашады.
Жаңа Конституция жобасы – «Әділетті Қазақстан» қағидатын қоғамдық санада орнықтыратын, азаматтардың ел тағдырына деген ортақ жауапкершілігін күшейтетін және ұлттық идеяны нақты мазмұнмен толықтыратын іргелі құжат деп санаймын.
Сержан Назарбек
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1165091?lang=kk

Жауап қалдыру