
Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Мойынқұм ауылдық округінің тұрғындарымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша кездесу өткізді.
Кездесуге аудан орталығының белсенді тұрғындары, аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков қатысты.
Кездесу барысында депутат Жигули Молдақалықұлы Конституция жобасына енгізілетін негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды. Ол реформалардың қоғам өміріне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, заң үстемдігін күшейту, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту сияқты маңызды бастамалардың мәнін түсіндірді.
Жиын ашық форматта өтіп, тұрғындар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Әсіресе, жергілікті басқару, әлеуметтік кепілдіктер, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері көтерілді. Депутат қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері назарға алынатынын жеткізді.
Кездесудің қорытындысында жаңа Конституция жобасы елдің болашағына бағытталған стратегиялық құжат екені айтылып, мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Мойынқұм ауданында Конституциялық реформаны түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады және барлық елді мекендерді қамтитын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1165389?lang=kk

Жауап қалдыру